Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленіс әлі басыла қоймады. 2 шілде күні Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Бакудегі Ресей елшісін шақырып, Бакудың Мәскеуге наразылығын білдірді. Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Мәскеумен арадағы мұндай текетіреске неге мүдделі болуы мүмкін? Азаттық осы және өзге сұрақтарды әзербайжандық оппозициялық журналист, қазір Швейцарияда тұратын Рауф Мірқадіровпен талқылады.
Маусымның аяғында Екатеринбург қаласындағы рейдтер кезінде екі әзербайжандық қаза тапқан. Ресей "олар жүрек талмасынан көз жұмды" деп, тергеп жатқанын айтқан. Бірақ Баку "бұл екі адамды ресейлік полиция азаптап өлтірді" деп мәлімдеді. Бұдан соң екі елдің арасы суып, бір-біріне қарымта шаралар қабылдады. Әзербайжанда бірнеше ресейлік ұсталды, ресейлік "Спутник" арнасының қызметкерлері қамауға алынды, ресейлік әртістер қатысатын концерттерді өткізуге Әзербайжан билігі тыйым салып тастады. Ресей Әзербайжан елшісіне Мәскеудің наразылығын білдірді, Екатеринбургтегі әзербайжан диаспорасының басшысын тергеді.
2 шілдеде Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Бакудегі Ресей елшісін шақырды. Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеге қарағанда, Баку Ресей елшісіне "екі ел арасындағы қарым-қатынастарға нұқсан келтірген, достыққа жат әрекеттер мен қадамдарға байланысты Әзербайжан тарапының наразылығын" жеткізген.
Әзербайжандық оппозициялық журналист, қазір Швейцарияда тұратын Рауф Мірқадіров Ресейдегі бастапқы ұстауда криминалдық сипат болғанын, бірақ Ресей күш құрылымдары билікті асыра пайдаланғанын айтады.
"БҰЛ ЖОЛЫ ДИАСПОРА ӨКІЛДЕРІН ҰРЫП-СОҒУ ШЕКТЕН ШЫҚТЫ"
– Рауф мырза, қазір Баку мен Мәскеу арасында болып жатқан жайтты қалай сипаттар едіңіз? Бұл тосыннан басталған қысқа мерзімді ғана шиеленіс пе, әлде бұл екі елдің арасы расымен суып бара жатқанын көрсете ме?
Әзербайжан саясаттанушы Рауф Мірқадіров
– Әуелі не болды дегенге баға беру керек. Меніңше, кейінгі оқиғалардың криминалдық сипаты басымырақ. Сырттай бақылаушы ретіндегі ойым осы. Мерт болған ағайынды екеуі Сафаровтар отбасынан шыққан. Ал бұл әулет Екатеринбургте ықпалды саналады. Ірі бизнестері бар, үлкен клан дер едім. Өздеріңіз білесіздер, Ресейде ірі бизнеспен айналысу дегеніңіз криминалмен пара-пар нәрсе. Онсыз болмайды. Әсіресе бизнесте бұрыннан жүрсеңіз бұл қалыпты нәрсе көрінеді. Оларға айып 2000 жылдардың басындағы оқиғаларға қатысты тағылған. Ал ол кезде Ресейде бейберекет пен бітпейтін текетірестер жайлаған. Кейінгі кездері түрлі диаспора өкілдерін ұрып-соғу, қамау сынды оқиғалар Ресейде қалыпты жағдайға айналып кетті. Мұндай оқиға Ресейде жұмыс істеп жүрген қазақтармен де, қырғыздармен де болып тұрады. Тіпті моншаға басып кіргенін білеміз. Алайда бұл жолы шектен шықты дер едім.
–Иә, Ресейде мигранттарға қысым артқанын көріп жүрміз. Бұл жолғы рейд мигранттарға қарсы басқа тексерістерден несімен ерекше болды?
– Біріншіден, операция ауқымына қараңыз. Пәтерге таң атпай басып кіріп, 50-ден астам адамды ұстады. Бұл жолы ауқымы үлкен болды. Екіншіден, бұл іске барлық арнайы қызметті жұмылдырған, тіпті ФСБ де қатысыпты. Әлдебір криминалға ФСБ араласқаны түсініксіз. Соңғысы әрі ең сорақысы – қатігездік. Иә, бұрын да ұрып-соғып, қорлап, көшеде еңкейтіп колоннамен жүргізетін. Бірақ арнайы операция кезінде сабап, қинау, өлгенше азаптау дегенің — шектен шыққан қатыгездік. Меніңше, бұл тапсырыспен жасалған қатыгездік. Осыған қарап арада текетірес болды деп болжауға болады. Оны арнайы қызметтің қатысуы дәлелдейді. Өлім жазасы көптің көзінше өтті. Тірі қалғандарды көрдіңіз ғой, өлімші етіп сабаған. Осының өзі тапсырыс өте ықпалды адамдардан түскенін көрсетеді. Яғни қолында үлкен құзіреті бар шенеунік қана арнайы органдарды тарта отырып, мұндайға бара алады. Біз соны көрдік.
"ПУТИННІҢ ШЫДАМЫ ТАУСЫЛЫП БАРА ЖАТЫР"
–Бұл жағдай ары қарай қалай өрбуі мүмкін? Шиеленістің басылатын түрі бар ма?
– Күні кеше ғана текетірестің жаңа кезеңі басталды деген тұжырымға келдім. Қақтығыс жеке сипат ала бастады. Кеше ғана Ресей баспасөз құралдары қызық ақпарат жариялады. Шындап келгенде онда айтарлықтай ештеңе жоқ. Десе де, жаңалық Илхам Әлиевтің ұлы Гейдар Әлиев туралы. Яғни, ол Барвихадағы танымал ауданда зәулім сарайға иелік етеді екен. Сарайдың құны 35 млн доллар. Әлиев дәл осы зәулім үйі үшін 1 млн рубль салық төлемеген. Неге екені белгісіз жағдай ушыққан тұста осы ақпарат ресейлік басылымдарда жарияланды. Бұл Илхам Әлиевке тікелей шабуыл дер едім. Әлиев пен оның отбасы әлемнің түкпір-түкпірінде шексіз байлыққа ие екенін бұған дейін журналистер зерттеп, жариялаған. Бірақ Әлиев оның дәулеті жайлы зерттегендерді жазаға тартқанын да ескеру керек. Осы зерттеумен айналысқан журналистік көбі қазір түрмеде отыр. 20-дан астам журналист "контрабандист" боп кетті. Ол отбасына жасалған мұндай қарсылықты жақтырмайды. Ресей БАҚ-тарында шыққан соңғы жаңалыққа байланысты не істейтінін білмеймін. Өйткені бұл енді мемлекетаралық қарым-қатынас емес. Бұл – жеке Әлиевке жасалған шабуыл. Оған жасалған күтпеген соққы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бакуде ұсталған "Sputnik" агенттігінің бес қызметкері қолхатпен босатылдыБұл Путиннің шыдамы таусылып бара жатыр деген сөз. Яғни, Путин де мұндай келеңсіз әрекеттерге жол бермеуге тырысып келген. Бұл – айсбергтің көзге көрінетін бөлігі ғана. Әрине, бұл жағдай екі елдің қарым-қатынасы мәз емес екенін көрсетуге себеп. Мәселен, "Кешірім сұраймыз, тергеу барысында адамдардың қаза тапқаны жол беруге болмайтын жағдай. Біз бұл оқиғаға қатысты қатаң тексеру жүргіземіз" деп жағдайды ушықтармауына болар еді. Тіпті кінәлілерді тауып, жауапкершілікке тартар, бәлкім. Дегенмен олар керісінше қақтығысты ушықтырып, "бұл – сендердің шаруаларың емес, араласпаңдар" деді. Бірақ қаза тапқандардың бірі – Әзербайжан азаматы болғандықтан, Әзербайжанның араласуға толық құқығы болды. Бұл жағдай атып түсірілген ұшақ мәселесімен де ұқсас. Олар әлі күнге дейін сол ұшақты өздері атып түсіргенін мойындамай келеді. Путиннің жария түрде кешірім сұрағаны, "Ресей әуе кеңістігінде болған оқиғаға байланысты кешірім сұрайды" деген сыңайда болды. Меніңше, мұның бәрі – инерциямен жасалып жатқан әрекеттер. Олар өздеріне бәрі бас иіп тұруға тиіс дегенге үйреніп қалған. Мәселе, Путиннің Қазақстандағы орыс тілі жайлы ара-тұра айтып, шағымданатынын білесіз. Басқа елдермен де тура солай сөйлейді. Бұл – инерция. Олар посткеңестік кеңістіктегі елдерді тәуелсіз мемлекет деп қабылдай алмайды.
– Саясаттанушы Расим Мұсабеков "Неміс толқыны" сайтына берген сұхбатында Баку Мәскеуді өңірдегі ықпалды серіктес ретінде қабылдаудан қалды деді. Осыған қарап, Оңтүстік Кавказда Әзербайжан Ресей ықпалынан толық шығып кетті деп айтуға бола ма?
Саясаттанушылар көбіне күштер теңдігі мен геосаяси заңдылықтарға сүйеніп тұжырым жасайды. Бірақ олар Ресейдің сыртқы саясатын анықтайтын өте маңызды бір факторды, оның басты элементін — Путиннің жеке ниеті дегенді ұмытып кетеді. Путин соғысты билігін сақтаудың жолы деп біледі. Халық өмірін жақсарту қиын, оған уақыт пен күш керек. Ал әдетте адамдар жақсы өмір сүре бастағанда биліктің ауысқанын талап етеді. Сондықтан ол үнемі: "Бізді соғысқа итермелеп жатыр" деп ақталады. Әзербайжан өзін аулақ ұстауға тырысады. Бірақ жағдай ушығып, кейде Ресей ессіз әрекеттер жасайды. Осындай кезде шегінсе, одан ары қысым жасауға болады деп ойлайды. Сондықтан Әзербайжанға жауап беру керек болады, "біз де сендердің адамдарыңды ұстап, қамай аламыз" деу қажет болды. Қазір қоғам мұндайды, әсіресе атып түсірілген жолаушылар ұшағынан кейін ауыр қабылдайды. Ресей оны мойындаудан бас тартқаны жөн болмады.
Бірақ Илхам Әлиев Ресеймен қарым-қатынасты үзуге мүдделі емес. Біріншіден, оның Ресейде бизнесі бар. Екіншіден, ол сол ортада өзін ыңғайлы сезінеді. Себебі Ресей адам құқықтарын сақтау, журналистерді босату сияқты талаптар қоймайды. Ол жай ғана: "Менімен бірге болсаң, бәріне рұқсат" дейді. Бұл – ыңғайлы орта. Бірақ геосаяси тұрғыда – уытты, улы орта. Сондықтан олар Ресейден алшақ жүру керек екенін түсінеді. Ал бұл жағдай Ресейдің шамына тиеді.
"ӘЗЕРБАЙЖАНДА ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫ КҮШЕЙІП КЕЛЕДІ"
– Бүгінде Әзербайжанның өзі ішінде президент Илхам Әлиевті қолдау деңгейі, халықтың көңіл-күйі қандай?
– Әлеуметтік-экономикалық жағдай айтарлықтай ауыр. Орташа жалақы Армения мен Грузиямен салыстырғанда төмен: 350–400 еуро шамасында. Ал Әзербайжан Армения мен Грузияға қарағанда бай мемлекет екенін ескерсек, бұл – көңіл көншітпейтін жайт. Барлығы дерлік жаншылып, басылған. Қоғамдағы наразылық деңгейін анықтайтын ешқандай құрал да жоқ, сондықтан шынайы жағдайды айту қиын. Еркін баспасөз деген жоқ. Қоғамдық шынайы сауалнамалар да жүргізілмейді. Оппозициялық күштер мен халық арасында кері байланыс жоқ. Олар бар, бірақ тек өз кеңсесінің ішінде ғана жұмыс істейді. Өйткені оларға коғамдық кездесулер сынды шыраларды өткізуге рұқсат берілмейді. Мұндай жағдайда нақты бірдеңе деу қиын. Наразылық бар, бірақ бұл – халық наразылығы. Институционалды түрде ештеңе жоқ. Соғыстан кейін, Әлиевтің рейтингі жоғары болды. Қазір де жаман емес, әзірге "территорияларды азат етуші", "жерлерді қайтарушы" деп сипатталып жүр. Дегенмен бұл ақырындап екінші орынға ығысып жатыр. Халықтың наразылығы күшейіп келеді. Бірақ ол қақпақпен жабулы тұр. Қашан жарылады – ешкім білмейді, кез келген сәтте бұрқ ете қалуы мүмкін. Қазақстандағы Қаңтар сияқты әп-сәтте болуы мүмкін.