АҚШ Украинаға әскери көмектің барлық түрін жеткізуді тоқтатқан жоқ, тек кейбір зымыран түріне қатысты шектеу бар. Бұл туралы сәрсенбіде Вашингтондағы брифинг кезінде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Тэмми Брюс мәлімдеді.
"Біз Украинаға қару-жарақ жіберуді тоқтатқан жоқпыз", – деген Брюс. Оның сөзінше, АҚШ қорғаныс министрлігінде Украинаға көмектесудің "сенімді баламалары" жеткілікті.
The Economist басылымы сөйлескен украин шенеуніктері АҚШ бүкіл көмекті – соның ішінде снарядтар мен қосалқы бөлшектерді жеткізуді де тоқтатқанын айтқан.
1 шілде күні CBS және NBC News агенттіктері дереккөздеріне сүйеніп, Пентагон басшысы Пит Хегсет Украинаға кейбір оқ-дәрілерді – оның ішінде Patriot әуе қорғанысы жүйесіне арналған ондаған зымыран да бар – жеткізуді тоқтату жайлы бұйрық бергенін хабарлаған. Оған АҚШ армиясы қорларындағы қару-жарақтың азайып бара жатқаны себеп болды делінген. Bloomberg дереккөздерінің сөзінше, АҚШ-тың бұл шешімі еуропалық шенеуніктерді айран-асыр қалдырған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ қару-жарақ беруді тоқтата тұрмақ деген хабардан соң Киев Вашингтонмен келіссөз өткізуді сұрадыCBS телеарнасының Ақ үйдегі дереккөздері қару-жарақ жеткізуді тоқтату Украинаға ғана емес, басқа да елдерге әсер еткенін, Пентагон АҚШ қаруын алатын барлық елдер бойынша ауқымды тексеру жүргізіп жатқанын айтқан. Осылайша Вашингтон алдыңғы әкімшілік кезінде қабылданған басымдықтар "Американың мүддесіне сай" келетіні я келмейтінін анықтауды көздеп отыр.
Politico басылымы алты дереккөзге сүйеніп, Киев Вашингтоннан Еуропаға Украина қарулы күштеріне деп америкалық қару-жарақ сатып алуға рұқсат беруін сұрамақшы екенін хабарлады. Басылым сөйлескен адамдардың мәліметінше, Еуропадағы бірнеше мемлекет АҚШ-тан Украинаға қажет қару-жарақ сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл шығындар жуырда Гаагада өткен НАТО саммитінде бекітілген одақтас елдердің қорғанысқа бөлетін қаражатының құрамына кірмек. Алайда түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.
- NBC News дерегінше, АҚШ Patriot әуе шабуылынан қорғаныс жүйесіне арналған ондаған зымыранды, мыңдаған 155 мм артиллерия снарядтарын, 100-ден астам Hellfire зымыраны мен басқа да қару-жарақты жеткізуді кейінге қалдырған. Телеарна дереккөздері қару-жарақтың бір бөлігі Еуропада, Украинаға жөнелтуге дайын тұрған кезде, Пентагон басшысы әлгіндей бұйрық берген деп хабарлады.
Your browser doesn’t support HTML5
АҚШ Киевке көмекті уақытша тоқтатты. Украина қандай қарудан қағылады?