АҚШ-тағы Колумбия округі сотының судьясы Ройс Ламберт Азат Еуропа / Азаттық радиосы (RFE/RL) медиакорпорациясының Ғаламдық медиа жөніндегі агенттікке (USAGM) қарсы шағымы аясында берген уақытша тыйым салу жөніндегі өтінішін (TRO) қанағаттандырды.
Қаулыда сот USAGM-нен АҚШ конгресі маусым айына деп бөлген бюджет ақшасын дереу төлеуді талап етті және агенттік Азаттық радиосымен келіссөзге баруға асықпай, "оған бөлінген қаржыны соттың араласуынсыз төлеуге де құлықсыз" болып отырғанын ескертті.
Бұл шешім Азаттық радиосы алғашқы радиохабарын жариялағанының 75 жылдығы қарсаңында шығып отыр. 1950 жылғы 4 шілдеде Азаттық "темір перденің" ар жағы – Чехословакияда алғаш рет сынақ трансляциясын жасаған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосының президенті әрі бас директоры Стивен Капус бұл жөнінде: "Бұл шешім – USAGM-ді біздің жұмысымызды жалғастыруға қажет қаржыны бөлуге міндеттеудегі маңызды құқықтық жеңіс. 75 жылдық ғұмырында Азат Еуропа / Азаттық радиосының қажеттігі көп рет дәлелденді, олардың соңғысы – Таяу Шығыстағы дағдарыс. Бұл жолы миллиондаған ирандық біздің Тегеранның мемлекеттік пропагандасына бағынбайтын уақтылы әрі тексерілген репортаждарымызды көрді. Біз қазір де өзімізге АҚШ конгресі жүктеген міндеттерді орындау мақсатында USAGM басшылығымыен әдеттегідей тікелей және конструктив диалогқа әзірміз".
Азат Еуропа / Азаттық радиосы қазіргі қаржы жылының екінші жартысы – сәуір-қыркүйек аралығындағы қаржысын беруді талап етіп биыл наурызда USAGM-ді сотқа берген.
Мұның алдында 14 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп USAGM агенттігінің және оған қарасты ақпарат құралдарының жұмысын "заңда көзделген шеңберге дейін" қысқарту туралы жарлық шығарған.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы – әлемнің 23 еліндегі көрермен мен оқырман саны 50 милллионнан асатын тәуелсіз халықаралық медиакорпорация. Ол бұрынғы Совет одағының барлық дерлік еліне, сондай-ақ Иран, Ауғанстан, Пәкістанға және Шығыс Еуропа елдеріне хабар таратады.
Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік (USAGM) – АҚШ-тың шетелде хабар тарататын медиаұйымдарының жұмысын үйлестіретін мемлекеттік мекеме.
Қаржы жағдайы нашарлағанына қарамастан Азаттық радиосы жұмысын тоқтатқан жоқ, дегенмен медиакорпорация ақша үнемдеп, қызметкерлерінің бір бөлігін аз ақша төленетін демалысқа жіберіп, штаттан тыс қызметкерлерімен келісімдерін тоқтатып, контент көлемін едәуір азайтуға мәжбүр болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Басқалар айта алмағанды айтты". Азаттық жайлы хабарды Қазақстан қоғамы қалай қабылдады?