Бакуде ұсталған "Sputnik" агенттігінің бес қызметкері қолхатпен босатылды

Бакудегі полиция басқармасы

Әзербайжан астанасында құқық қорғау органдары ұстаған ресейлік "Sputnik" ақпарат агенттігінің Әзербайжан филиалының бес қызметкері елден шықпау туралы қолхат беріп, бейсенбі күні қамаудан босап шықты.

Мұндай шешім тек Әзербайжан азаматтығы бар агенттік қызметкерлеріне қатысты қабылданды. Ал содан екі күн бұрын тұтқындалған филиалдың атқарушы директоры Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусов абақтыда отыр.

"Sputnik Әзербайжан" агенттігі қызметкерлерінің қамауға алынуы Мәскеу мен Баку арасындағы дипломатиялық дау-дамайдың бір бөлігіне айналды. Бұл жанжал Ресейдің Екатеринбург қаласында күш құрылымдары әзербайжан диаспорасы өкілдерін адам өлтіру қылмысына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұстаған кезде олардың екеуі қаза тапқан соң басталған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан СІМ Ресейдің Бакудегі елшісіне наразылық білдірді

Бұған жауап ретінде Әзербайжан билігі ел аумағында жүрген Ресей азаматтарын ұстай бастады. 1 шілде күні "Sputnik Әзербайжан" қызметкерлерінің үйлерінде тінту жүргізіліп, 7 адам тұтқындалды.

Бұған қоса, Әзербайжанға Ресейден барып, сол елде тұрып жатқан сегіз IT-маман да қамауға алынды. Олар "кибералаяқтықпен" және "Ираннан есірткі тасумен" айналысқан "ұйымдасқан қылмыстық топтың" мүшелері деген күдікке ілінгені айтылды. Сотқа жеткізілген кезде түсірілген бейнекөріністерде олардың бет-жүзі ісіп, көгеріп, қанталап кеткені байқалды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Әзербайжан полициясы Бакуде есірткіге қатысты іс бойынша бір топ ресейлікті ұстаған

Бейсенбі, 3 шілде күні Мәскеуде Әзербайжан тумасы Вагиф Сулейманов ұсталды. Ресейлік телеграм-арналар оны "қылмыс әлеміне ықпалы бар" адам деп сипаттады. Сулейманов үш айдан кейін Әзербайжанға депортацияланады деген ақпарат айтылды.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей мен Әзербайжан арасы неге суып барады? Дау неден басталды?