Қазақстанда сот кескен жаза мерзімін қамау мекемесінде өтеп жатқан азаматтарға адвокатпен құпия түрде сөйлесу және дәрігерден кеңес алу мүмкіндігі кеңейтілді. Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелердің ішкі тәртіп ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілді деп хабарлады "ҚазАқпарат" агенттігі.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, жазасын өтеп жатқан азаматқа заң көмегін алу үшiн жазбаша немесе ауызша берген өтініші бойынша адвокатымен шектеусіз кездесу құқығы беріледі. Мұндай кездесу толықтай құпия жағдайда және уақыт жағынан шектеу қойылмай өткізілуге тиіс.
Бұған қоса, жазасын өтеушілер енді өз адвокаттарымен телефонмен сөйлесе алады. Ол үшін сотталған адамның жеке ісінде қорғау туралы жазбаша хабарлама болуы қажет. Колония әкімшілігі тиісті сұрау алғаннан кейін телефонмен сөйлесуді ұйымдастыруға міндетті. Бұл ретте екі тарапқа – адвокатқа да, жазасын өтеушіге де – үшінші бір тұлғаны әңгімеге тартуға тыйым салынады.
Тағы бір маңызды жайт – әңгіме барысында тіпті этика немесе мораль нормалары бұзылған күннің өзінде, егер ол заң көмегін көрсетуге қатысты болса, адвокат пен сотталған адамның телефон әңгімесін үзіп тастауға болмайды.
Медициналық көмекке қол жеткізу мәселесіне де қатысты өзгерістер бар. Дәрігер қорытындысы болған жағдайда, сотталған адамға басқа медициналық ұйымдардың мамандарына қашықтан хабарласып, кеңес алуға мүмкіндік беріледі. Бұл кеңестер түрме дәрігерінің қатысуымен өтеді, бөтен адамдардың қатысуына тыйым салынады.
Қазақстандық құқық қорғаушылар сотталған адамдардың, әсіресе шалғайда жатқан мекемелерде қамауда отырғандардың заң жағынан және медициналық көмек алуға мүмкіндігі өте шектеулі екенін айтып, бұл мәселені осыған дейін бірнеше рет көтерген. Сарапшылар бұл жаңа өзгерістерді оң қадамға балап отыр, алайда олардың нақты орындалуын қатаң бақылау қажет дейді.